"QazaqGaz" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов "Белоруснефть" ӨБ" РУК Бас директоры Александр Ляховпен кездесті. Тараптар Қазақстанда, оның ішінде Амангелді кен орындарында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастырумен қатар, көмірсутектерді барлау және өндіру саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Кездесу барысында қатысушылар геологиялық барлау және өндіру саласындағы өзара іс-қимылдың әлеуетті бағыттарын қарастырып, жер қойнауын пайдалану саласындағы жобаларды іске асыру тәжірибелерімен бөлісіп, ресурстық базаны дамыту мәселелерін талқылады. Серіктестіктің ықтимал бағыттарына және екі компания үшін де өзара қызығушылық тудыратын жобаларды одан әрі пысықтауға ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын егжей-тегжейлі зерделеу үшін жұмыс байланыстары мен ақпарат алмасуды жалғастыруға келісті.